Эдинбургте қазақстандық театр қойылымдары халықаралық аудиторияға ұсынылды

Эдинбургте қазақстандық театр қойылымдары халықаралық аудиторияға ұсынылды

«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының қолдауымен және Central Asia Creative Hub негізін қалаушы әрі продюсер Бибігүл Макажанованың ұйымдастыруымен Ұлыбританияның Эдинбург қаласында Qazaq Seasons халықаралық жобасы өтті.

28-30 тамыз аралығында әлемдегі ең ірі театр фестивальдерінің бірі – Edinburgh Festival Fringe 2026 аясында «Құлагер», «Жүрмбек Жүке» және «Жестяной барабан» қойылымдары көрсетілді.

Qazaq Seasons – қазақстандық заманауи мәдениетті халықаралық деңгейде танытуға, отандық шығармашылық жобалардың жаңа аудиторияға шығуына және кәсіби байланыстарын кеңейтуге бағытталған халықаралық платформа. Жобаның алғашқы шығарылымы заманауи театр өнеріне арналды.

Көрсетілімдер Эдинбург қаласының орталығында, әйгілі Корольдік миль аумағында орналасқан C ARTS | C aquila алаңында өтті. Қазақстандық қойылымдар халықаралық аудиторияға digital screening, яғни сахналық қойылымдардың жазбасын үлкен экран арқылы көрсету форматында ұсынылды. Бұл формат қазақстандық театр өнерін географиялық шекараларға қарамастан халықаралық көрермендер мен кәсіби қауымдастыққа таныстыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жоба отандық театр өкілдері үшін жаңа кәсіби байланыстар орнатуға, халықаралық әріптестік пен болашақтағы бірлескен жобаларға жол ашуға бағытталды.

Фестиваль аясында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының Ілияс Жансүгіровтің әйгілі поэмасы негізінде қойылған «Құлагер» саундрамасы ұсынылды.Қойылымда ақын Ақан сері мен оның аңызға айналған жүйрігі Құлагердің тарихы музыка, қозғалыс және ырғақ арқылы баяндалады. Спектакльдің режиссері – Фархат Молдағали, хореографы – Әділет Тәменов. Қойылым музыкасында Steppe Sons тобының шығармалары қолданылған.

Қазақстандық театр және кино актрисасы Инжу Әбеудің «Жүрмбек Жүке» деректі моноспектаклі де халықаралық көрермендерге ұсынылды.Қойылым актрисаның атасы – Кеңестік Қазақстандағы гидрогеология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Жүрмбек Жүкенің өмір тарихына негізделген. Отбасылық архивте сақталған мемуарлар, күнделіктер мен фотосуреттер арқылы спектакль ұрпақтар сабақтастығы, жады және жеке адамның тағдыры туралы баяндайды.

Алматылық тәуелсіз ARTиШОК театрының «Жестяной барабан» қойылымы Нобель сыйлығының лауреаты Гюнтер Грасстың әйгілі романының сахналық интерпретациясы ретінде ұсынылды.Қойылымның режиссері әрі сценографы Антон Болкунов спектакльде музыка, экстремалды вокал, қозғалыс және визуалды театр элементтерін біріктіріп, шығармаға өзіндік сахналық тіл қалыптастырған.Оскар Мацераттың оқиғасы арқылы қойылым адамның жеке таңдауы, қоғамдағы конформизм және айналада болып жатқан оқиғалар алдындағы жауапкершілік мәселелерін көтереді.

Qazaq Seasons жобасын қолдау – Қордың қазақстандық креативті индустрия өкілдерінің халықаралық деңгейге шығуына және отандық шығармашылық жобалардың экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталған жұмысының бір бөлігі. Жоба аясында қазақстандық театр өнерінің заманауи туындылары Edinburgh Festival Fringe халықаралық фестивалінің кәсіби қауымдастығы мен көрермендеріне ұсынылды.Халықаралық алаңдарға шығу қазақстандық шығармашылық жобалардың танымалдығын арттырумен қатар, театр ұжымдары мен тәуелсіз өнер өкілдері үшін жаңа серіктестер табуға, кәсіби байланыстар орнатуға және болашақтағы халықаралық ынтымақтастыққа мүмкіндік береді.

Qazaq Creative – Креативті индустрияларды дамыту қоры алдағы уақытта да қазақстандық креативті индустрия өкілдерінің халықаралық нарыққа шығуына және отандық шығармашылық жобаларды әлемдік деңгейде танытуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.

242
31.08.2026